Эмпатия - бұл басқалардың эмоционалды жағдайына саналы түрде жанашырлықпен қарау, олардың өздерін қалай сезінетінін түсіну және жанашырлық білдіру. Ол ми қабығында орналасқан және басқа тіршілік иелерінің сезімдері мен эмоцияларын бейнелеуге мүмкіндік беретін нейрондардың көмегімен жүзеге асырылады.
Менің ойымша, нағыз ұстаз болу үшін тек білім мен тәжірибе жеткіліксіз. Педагогтің бойында міндетті түрде болуы керек ең маңызды қасиеттердің бірі – эмпатия. Эмпатия – бұл өзгенің жағдайын жүрекпен сезіне білу, оқушының ішкі жан дүниесін түсіну, оған жанашыр болу.
Білім алушы әрқашан өзін түсінетін, қолдайтын, қабылдайтын мұғалімді қажет етеді. Эмпатиясы жоғары педагог оқушының мінез-құлқына, көңіл-күйіне мән беріп, оны тек сыртқы келбетімен емес, ішкі сезімдерімен де қабылдай алады. Мұндай ұстаз баланың сенімін оятып, оның ашылуына, еркін сөйлеуіне, өзін көрсетуіне жол ашады.
Сонымен қатар, эмпатия арқылы мұғалім мен оқушы арасында сенімге негізделген жылы қарым-қатынас қалыптасады. Бұл оқу процесінің тиімділігіне де әсер етеді. Оқушы өзін қауіпсіз, еркін ортада сезінсе, ол өз ойын ашық айтып, білім алуға деген ынтасы артады.
Қорытындылай келе, педагог болу – тек сабақ беру емес, ол – баланың тұлға болып қалыптасуына ықпал ету. Ал бұл жолда эмпатия – ең негізгі құралдардың бірі. Эмпатиялы ұстаз – нағыз жүрекпен жұмыс істейтін тұлға.